Фото: Видеодан алынған кадр
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қызметкерлері Павлодарда кәсіпкерді өлтірді деген айып тағылған Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан елге қайтарды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
21 ақпанда жәбірленуші жұмысқа шығып кетіп, одан кейін байланысқа шықпай қалған. Сол себепті ол хабар-ошарсыз жоғалғандар тізіміне енгізілген.
Тергеу деректеріне сәйкес, дәл сол күні кәсіпкер Павлодар қаласында күдіктімен оның үйінің ауласында кездескен. Қаржылық мәселелерге қатысты дау туып, жанжал соңы қаскөйдің жәбірленушіге кеудесі мен бетіне 22 рет пышақ салуына әкелген. Кәсіпкер оқиға орнында көз жұмған.
Қылмысты жасыру үшін күдікті марқұмның денесін және оның көлігін өз гаражына тығып, кейін ел аумағынан қашып кеткен.
Наурыз айында ол Ресей Федерациясында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған ауыр қылмыс бойынша оған 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
