Түнде жауған қардан кейін Алматы көшесі мен ауласында кең көлемді тазалау жұмыстары басталды, деп хабарлайды Qazaq.today порталы.
9 желтоқсан күні сағат 22:30-да Алматыда басталған жауын-шашын түн жарымда қалың қарға ұласты. 10 желтоқсан сағат 07:00-дегі мәлімет бойынша қардың қалыңдығы 35 сантиметрге жетті. Бұл айлық норманың жартысына жуығы. Мұны Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады.
Көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс тәртібіне ауыстырылды.
Ведомствоның дерегінше, қаладағы қар күреу жұмыстарына 2 728 жұмысшы мен 75 жедел бригада жұмылдырылған. Қала жолдарына 1 000-нан астам арнайы техника шығарылды, оның ішінде көктайғақты болдырмау үшін арнайы қоспа себетін 228 құрама жол машинасы бар. Колонналардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін 22 полиция экипажы, сондай-ақ 10 эвакуатор мен манипулятор тартылған.
Мамандардың айтуынша, сағат 04:00-тен бастап магистральдар мен аудандық көшелерді тазалайтын 21 колонна жұмысқа кірісті. Сонымен қатар тротуар, аялдама мен жүргіншілер аумағы күреліп жатыр. Сағат 05:00-де 37 жеке мердігер ұйымның 1 790 жұмысшысы мен 256 техникасы аулаларды тазалау жұмыстарына жұмылдырылды.
Бұған қоса, қалада жол мен көшенің жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік қойылған. Барлық коммуналдық қызмет қар толық тазалағанға дейін күшейтілген режимде жұмысын жалғастыра береді.
