«Қазақстан үшін КҚК-ға нақты балама бағыт әзірге жоқ»: экономист мұнай тасымалындағы қиындықты болжады

Сарапшының айтуынша, Қазақстан жыл сайын орта есеппен 80 млн тоннаға жуық мұнай өндіреді. Соның шамамен 60 млн тоннасы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарынан өндіріліп, негізгі экспорт КҚК арқылы жүзеге асады. Қалған көлемді ұсақ өндіруші компаниялар, соның ішінде «ҚазМұнайГаз», тікелей экспорттауға әрекеттеніп отыр.

— Германияға бағытталған шамамен 3 млн тонна мұнай Самара арқылы өтеді. Бұл маршрут та Ресей аумағынан өтетін «Дружба» құбырына тәуелді. Яғни, бәрібір Ресей территориясы пайдаланылады, — деді ол.

Ресейден тыс балама ретінде Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты бар болғанымен, оның мүмкіндігі өте шектеулі. Құбырдың жалпы қуаты 9 млн тонна болса, оның 7,5 млн тоннасын Әзербайжан өзі пайдаланады. Сондықтан Қазақстан үшін қолжетімді көлем небәрі 1,5 млн тонна, ал құбырды кеңейту өте қымбатқа түседі.

Экономист бұрын Орта Азия елдеріне мұнай экспорты көлемі жоғары болғанын, алайда қазіргі таңда бұл бағыттың тарылғанын атап өтті. Себебі Ресей Еуропа нарығы жабылған соң, мұнайын Орта Азия елдеріне баррелін шамамен 36 доллардан арзан ұсынып отыр. Бұл Бұқара мен Ферғана секілді ірі мұнай өңдеу зауыттары бар елдер үшін тиімді.

Қытай бағыты да толық балама бола алмайды. Бұл маршруттың мүмкіндігі шамамен 10 млн тонна болғанымен, ол Ресеймен келісілген. Қазақстанның батысындағы мұнайды Қытай шекарасына жеткізу үшін 3 мың шақырымға жуық қашықтықты еңсеру керек, бұл логистикалық тұрғыдан өте қымбат.

— Біз Алашаңқөл арқылы Ресейдің Түмен мұнайымен бірге 9 млн тоннаға жуық мұнай жөнелтеміз, ал өз мұнайымыздан Қытайға небәрі 1 млн тонна ғана барады. Қытай үшін Ресей мен Моңғолия арқылы тасымалдау әлдеқайда арзан, — дейді Жобаев.

Осылайша, сарапшының пікірінше, Қазақстан үшін негізгі экспорт бағыттары әлі күнге дейін КҚК мен «Дружба» құбыры болып отыр. Қазіргі жағдайда бұларға толыққанды балама жоқ.

Экономист балама іздеу үшін алдымен мұнайды емес, өңдеу саласын дамыту қажет екенін алға тартады. Оның айтуынша, Ұлттық қор қаражаты инфрақұрылымға, қайта өңдеуге, машина жасау, тұрмыстық техника және басқа да өндірістерге инвестициялануы тиіс.

— Ал шикізат өндіруге инвесторлар онсыз да келеді. Ұлттық қордың қаражатын оған жұмсау қажет емес, — дейді ол.

Сонымен бірге сарапшы мұнай-газ секторындағы субсидиялау жүйесіне де сын айтты. Оның айтуынша, «ішкі нарықты арзан жанармаймен қамтамасыз ету» деген желеумен мұнай зауыттарға барреліне 24 доллардан сатылады да, кейін «нақты құны 40 доллар» деген уәжбен бюджеттен субсидия алынады. Бұл жағдай жемқорлық тәуекелдерін күшейтіп отыр.

— Арзан бензиннің салдарынан еліміздегі жанармайдың шамамен 50 пайызы көрші елдерге контрабандамен кетеді. Бұл жүйені өзгерту өте қиын, — дейді экономист.

Сапарбай Жобаевтың айтуынша, дәл осы себептерге байланысты бүгінгі күні КҚК-ға балама маршрут табу экономистердің де, қаржыгерлердің де, мұнай саласы мамандарының да қолынан келіп отырған жоқ.

— Егер аймақта тұрақтылық орнап, Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталса, біз мұнайды бұрынғыдай Ресей арқылы экспорттай береміз. Германияға жеткізіп отырмыз, құбырлар жұмыс істеп тұр, — деді ол.

Экономист КҚК-ның 50 пайызы мен «Дружба» құбырының Ресейге тиесілі екенін атап өтіп, Қазақстан Германияға жеткізілетін мұнай үшін Ресейге транзиттік төлем төлейтінін де еске салды. Ал КҚК арқылы Италия, Франция және Нидерланды секілді инвестор елдер Қазақстан мұнайын экспорттап, елге табыс әкеліп отыр.

— Соңғы шабуылдар Қашаған мен Теңіз бағыттарына әсер етті. Алғашында 25 пайыз деп айтылғанымен, қазір әсері 14 пайыздан аспайды. Бұл ақаулар қысқа мерзімде жойылады деп отыр, — деп қорытындылады Сапарбай Жобаев.

Яндекс.Метрика