Фото: Pixabay
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балаларды жалпы анестезиямен емдеуге қатысты өз ұстанымын жариялады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Министрдің айтуынша, наркозбен жасалатын кез келген стоматологиялық ем — тек нақты медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ғана қолданылуы тиіс күрделі процедура. Сондықтан мұндай манипуляцияны орындайтын барлық клиникаларда тиісті құрал-жабдық, кәсіби анестезиолог және реанимациялық көмек стандарттары міндетті түрде сақталуы қажет.
– Балаларды жалпы анестезиямен емдеу – “қолайлы нұсқа” емес, жоғары жауапкершілік пен сақтық талап ететін күрделі медициналық араласу. Клиника түріне қарамастан, мұндай емдеуге білікті маман мен толық техникалық қамтамасыз ету қажет, – деді министр.
Бас прокуратураның тапсырмасымен қазір ел бойынша 622 стоматологиялық ұйымға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр.
Әлназарованың сөзінше, кей жекеменшік клиникалар ата-аналарға «бір сеанста барлық тісті емдеп береміз» деген коммерциялық тиімді ұсыныс жасайды. Алайда ұзақ уақыт наркозда болу немесе бір мезетте көп тіс емдеу балалардың жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйесіне қосымша қауіп төндіруі мүмкін.
– Мұндай тәсіл тек нақты диагнозбен расталған, шынайы медициналық қажеттілік болған жағдайда ғана орынды, – деп түйіндеді министр.
