«Грэмми» сыйлығын иеленген алғашқы қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы жанындағы Съездің бастамаларын іске асыру департаментінің бұрынғы жетекшісі Қарлығаш Қалилаханова да мемлекеттік наградаға ие болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұдан бөлек, Еркебұлан Тоқтарға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Республика күніне орай еліміздің экономикалық және қоғамдық өмірінің түрлі салаларын дамытуға үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Кейбірі марапат табысталған кезде шетелде болғандықтан, өз наградаларын сол сәтте ала алмады. Бүгін осы құрметті марапаттарды отандастарымызға табыстау мен үшін ерекше мәртебе болды», – деп жазды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
