Фото: Pixabay
Ауа райының күрт бұзылуына байланысты Астана қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
“Астана Тазалық” компаниясының мәліметінше, бүгін қала бойынша қардан тазарту жұмыстарына 350 арнайы техника шыққан. Сонымен қатар 357 жол жұмысшысы көшелер мен аулаларды тазартуға жұмылдырылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Синоптиктердің айтуынша, алдағы тәуліктерде желдің жылдамдығы 15–20 м/с жетіп, ауа температурасы айтарлықтай төмендемек.
«Атлантикада түзілген белсенді циклондар Сібірге қарай ығысып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанның көп өңірінде қар жауып, боран күшейеді, батыстан қатты жел соғады», – деп мәлімдеді “Қазгидромет”.
Ертеңгі ауа райы
• Көшпелі бұлт, кей уақытта қар.
• Боран.
• Жел: оңтүстік-батыстан 9–14 м/с, екпіні 15–20 м/с.
• Аяз: түнде –19…–21°С, кей жерлерде –28°С.
Күндіз –8…–10°С.
11 желтоқсанға болжам
• Қар аралас бұлтты ауа райы.
• Боран.
• Желдің екпіні бұрынғыдай 15–20 м/с дейін жетеді.
• Температура: түнде –13…–15°С, күндіз –3…–5°С.
Қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар республикалық маңызы бар тас жолдар жабылды.
