Сурет: Freepik
Әйел дауысы табиғатынан жіңішкелеу, нәзік тембрмен ерекшеленеді деген түсінік қоғамда қалыптасқан. Бірақ өмірде бұл ереже әрдайым сақтала бермейді. Кей әйелдердің дауысы ерлерге тән жуан, қоңыр немесе баритонға жақын шығуы – қалыпты әрі ғылыми тұрғыдан түсіндірілетін табиғи құбылыс. Адамның дауысы оның генетикасы, гормондық жүйесі, көмей құрылымы және өмір салтына байланысты күрделі түрде қалыптасады.
Дауыс тембріне әсер ететін негізгі фактор – гормондар. Әйел ағзасында дауыс желбезегінің қалыңдығын реттейтін басты гормон – эстроген. Егер ағзада эстроген деңгейі табиғи түрде төмендеу болса немесе тестостерон мөлшері салыстырмалы түрде жоғары болса, дауыс желбезектері қалыңдау болып қалыптасады. Нәтижесінде дыбыс төменірек естіледі. Бұл адам үшін қауіпті емес, тек табиғи биологиялық айырмашылық. Жыныстық жетілу кезінде гормондық баланс өзгеше қалыптасқан қыздарда жуан дауыс сол күйінде сақталуы мүмкін.
Тағы бір маңызды фактор – тұқым қуалаушылық. Дауыс биіктігі мен тембрі ген арқылы берілетін белгілердің бірі. Егер анасы, әжесі немесе отбасындағы өзге әйелдерде тембрі жуан дауыс болса, бұл ерекшелік ұрпақтан-ұрпаққа берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда жуан дауыс — денсаулық мәселесі емес, генетикалық ерекшелік.
Көмейдің анатомиялық құрылымы да шешуші рөл атқарады. Кей әйелдердің дауыс желбезектері табиғатынан қалыңырақ, көмей қорабы үлкенірек немесе дыбыс шығару жолы кеңірек болуы мүмкін. Бұл дауысты ерлерге ұқсас қоңыр, қою етіп шығарады. Мұның бәрі адамның құрылымдық ерекшелігі ғана.
Дауыстың жуан болып шығуына өмір салты да әсер етеді. Тұрақты түрде қатты дауыс қолдану, жиі айқайлау, вокалмен дұрыс емес техникада айналысу, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы темекі тарту — дауыс желбезегін қалыңдатады. Созылмалы ларингит немесе тыныс жолдарының тітіркенуі де тембрді төмендетуі мүмкін. Кей жағдайда жуан дауыс денсаулыққа байланысты өзгерістердің белгісі болуы мүмкін, бірақ мұндай жағдайлар сирек кездеседі және маман тексеруінен кейін ғана анықталады.
Әлеуметтік тұрғыдан қарасақ, әйелдің даусы міндетті түрде нәзік болу керек деген қалыптасқан стереотип бар. Бірақ ғылыми зерттеулер адам даусының — жеке физиологияға ғана тәуелді екенін дәлелдейді. Жуан дауыс әйелді ер мінезді етеді деген түсінік – қоғамның қате қалыптастырған көзқарасы. Дауыстың тембрі адамның болмысын, қасиетін немесе табиғатын анықтамайды.
Кей әйелдер жуан дауысымен медиада, театрда немесе музыкада ерекшеленіп, табысты карьера қалыптастырып жүр. Себебі төмен тембр – тек ерекшелік, қандай да бір кемшілік емес.
Қорытындылай айтқанда, әйел дауысының жуан болуы – гормондық тепе-теңдік, генетикалық ерекшелік, анатомиялық құрылым немесе өмір салтының нәтижесі. Бұл құбылыс табиғи әрі қалыпты, ал дауыстың өзі адамның кім екенін айқындайтын өлшем емес.
Ал,не себепті кейбір ер адамдардың дауысы жуан емес жіңішке болады десеңіз,мақала үстінен басып оқи аласыз!
