Сурет:pixabay.com
Сабын бүгін біздің үйімізде ең қарапайым заттардың бірі болып көрінеді. Бір тілім ақшыл масса – қолды жуады, иісті кетіреді, тазалық береді. Бірақ оның тарихы мыңдаған жылдарға барып тірелетінін, ал қазіргі заманауи сабынға дейін адамзат ұзақ жол жүргенін көпшілік біле бермейді. Сабынның түп-тамыры ежелгі өркениеттерге, тіпті б.з.д. 2800 жылдарға дейін созылады. Месопотамияда табылған саз тақтайшаларда жануар майы мен күлді араластырып жасаған тазартқыш заттың рецепті жазылған. Бұл қоспа қазіргі сабынға ұқсамаса да, адамдар алғаш рет май мен сілтінің реакция беріп, кірді кетіретінін түсінген кезі еді.
Ежелгі Мысырда сабын тек гигиена емес, медицинада да қолданылған. Олар майлы қоспалар мен сілтілік тұздарды араластырып, теріні емдеуге арналған пасталар жасаған. Ал Рим империясы сабынды монша мәдениетімен байланыстырды. Алайда таңқаларлығы – римдіктер тазалықты жақсы көрсе де, кең көлемде сабын қолданбаған. Олар денені хош иісті майлармен сүртіп, арнайы қырғышпен тазартуды жөн көрген. Сабын тек кір жууға көбірек қолданылған.
Орта ғасырларда сабын жасау Еуропада үлкен қолөнерге айналды. Әсіресе Италия, Испания және Францияда өсімдік майлары негізінде жасалған жоғары сапалы сабындар шықты. Марсель сабыны әлі күнге дейін танымал болуы осы кезеңнен басталады. Алайда сол уақытта сабын қымбат, бай-бағландар ғана сатып ала алатын зат болды. Қарапайым халыққа ол қолжетімсіз еді.
Сабынның шынайы «демократиялануы» ХVIII–ХІХ ғасырларда басталды. Химиктер сабынның қандай химиялық реакциямен жасалатынын ғылыми түрде дәлелдеді. Бұл өндірістің арзандауына, технологияның жетілуіне жол ашты. Өнеркәсіптік революциядан кейін сабын алғаш рет барлық әлеуметтік топқа қолжетімді тұрмыстық тауарға айналды. Әлемдік гигиена мәдениеті де сол кезде күрт өзгерді. Адамдар таза қолдың аурудың алдын алатынын түсіне бастады.
ХХ ғасырда сабын өндірісі жаңа деңгейге шықты. Жануар майы мен күлдің орнына синтетикалық беттік белсенді заттар қолданыла бастады. Әртүрлі хош иіс, түс, арнайы күтім беретін қоспалар қосылды. Дезинфекциялық сабын, балаларға арналған сабын, косметикалық сабын – бәрі осы кезеңде пайда болды. Бүгінгі күні біз қол жууға арналған сұйық сабындарды, душ гельдерін табиғи құрамы бар органикалық өнімдерді де қолданамыз. Бірақ олардың барлығының негізі – мыңдаған жыл бұрын байқалған сол бір негізгі химиялық реакцияға сүйенеді.
Қарапайым көрінетін сабын адамзат мәдениетін түбегейлі өзгерткен құбылыс. Ол гигиенаны жаңа деңгейге көтерді, аурудың таралуын азайтты, тазалық түсінігін қалыптастырды. Бүгін біз оған мән бермейміз, бірақ осы бір күнделікті қолданатын қарапайым тілімнің артында ұзақ ғылыми жол, өркениеттер тарихы және адамзаттың тазалыққа деген талпынысы жатыр.
