Өскемен тұрғындары әлеуметтік желіде №1 қалалық ауруханада түсірілген алаңдатарлық бейнежазбаны жариялап, қауіптеніп отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Куәгерлердің айтуынша, медициналық мекеменің жертөлеге ұқсас бөлмелерінің бірінде белгісіз адамдар есірткі пайдаланған деген ақпарат тараған. Халықтың наразылығына себеп – адам өмірі мен денсаулығын қорғауы тиіс мекеменің осындай жағымсыз жағдаймен байланыстырылуы. Өйткені аурухана – қауіпсіздік пен көмек көрсетілетін орын, ал тұрғындар мұндай көріністерді мүлдем қабылдай алмай отыр.
Қазақстан Президенті бұған дейін есірткі айналымының алдын алу және нашақорлықпен күресті күшейту туралы бірнеше рет тапсырма берген. Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың көшеден бастап барлық мемлекеттік мекемелерде жүйелі түрде жүргізілуі керек екенін ерекше атап өткен. Ал Өскемендегі жағдай осы бағыттағы бақылаудың әлсіздігін көрсетіп, бірқатар өткір сұрақтарды күн тәртібіне шығарды:
-
Аурухана ішінде есірткі қолдануға қалай жол берілген?
-
Тиісті органдар мұндай деректі неге дер кезінде анықтап, тоқтатпаған?
-
Қадағалау мен жауапкершілік қайда?
Қала тұрғындары орын алған жағдайға байланысты аурухана басшылығынан, құқық қорғау органдарынан және жергілікті биліктен жедел әрі нақты түсініктеме күтуде. Қоғам мәселені жабулы күйінде қалдырмай, толық әрі ашық тергеу жүргізуді және қатаң шара қабылдауды талап етіп отыр.
