Сүйінші хабар: Головкин Халықаралық бокс Даңқ залына ресми түрде енеді

Фото: gggboxin

 

Қазақстан спорты үшін нағыз тарихи күн! Күллі әлемге GGG лақап атымен танымал жерлесіміз Геннадий Головкин Халықаралық бокс Даңқ залына (IBHOF) қабылданатын болды. Бұл туралы ресми ақпарат 4 желтоқсан күні жарияланып, жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады.

Бұл жай ғана атақ емес. Головкин осындай биік мәртебеге ие болған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш боксшы атанып отыр.

Салтанатты рәсім 2026 жылдың 11-14 маусымы аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өтеді. Айта кетейік, Геннадиймен бірге бұл құрметке америкалық Антонио Тарвер мен ұлыбританиялық Найджел Бенн де лайық деп танылды.

Посткеңестік кеңістіктегі төртінші чемпион

Головкиннің бұл жетістігі оны әлемдік бокс аңыздарымен бір қатарға қойды. Ол посткеңестік елдерден Даңқ залына кірген төртінші спортшы болмақ.

Бұған дейін мұндай құрметке тек Константин Цзю және ағайынды Виталий мен Владимир Кличколар ғана ие болған еді. Енді, міне, қазақтың мақтанышы GGG де осы «алтын тізімнен» орын алды.

Рекордтар кітабына енген мансап

Геннадий Головкиннің кәсіпқой рингтегі жолы кез келген боксшыға үлгі боларлықтай. Ол орта салмақта IBF, WBA және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып, P4P (салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшы) рейтингінде ұзақ уақыт көш бастады.

Оның активінде 45 жекпе-жек бар, оның 42-сінде жеңіске жетіп, 37 қарсыласын сұлатып түсірген. Әсіресе, оның 9 жыл бойы қатарынан 23 қарсыласын нокаутқа жіберген сериясы тарих беттерінде алтын әріппен жазылды.

GGG орта салмақтағы титулдарын 21 рет сәтті қорғап, рекорд орнатқанын да ұмытпаған жөн. Оның жеңістерінің 90 пайыздан астамы мерзімінен бұрын аяқталғандықтан, бұл көрсеткіш тіпті Гиннесс рекордтар кітабына да енген болатын.

Яндекс.Метрика