Алматыда «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты Республикалық акциясы басталды

25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Алматы қаласында және барлық Республика аумағында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты жыл сайынғы халықаралық кампания өтуде. Акцияның мақсаты — қоғамның назарын тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылық мәселесіне аудару, азаматтардың қорғану шаралары туралы хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ профилактика саласында мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Акция жыл сайын 25 қараша — Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күнінде басталып, 10 желтоқсанда — Адам құқықтарының халықаралық күні аяқталады. Бұл күндер әр адамның еркіндікке, құрметке және қауіпсіздікке деген фундаменталды құқығы бар екенін символдық түрде көрсетеді.

Кампания аясында Алматы қаласында ақпараттық іс-шаралар, халықпен кездесулер, дәрістер, тақырыптық акциялар, мамандардың консультациялары, сондай-ақ профилактикалық рейдтер өткізіледі. Ерте кезеңде тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтау, жәбірленушілерді қолдау және тәуекел топтарымен жұмыс істеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жадыра Джелеуқызы Кантарбаеваның айтуынша, мұндай бастамалар қоғам қауіпсіздігі үшін аса маңызды:

«Акцияның басталуы – жай ғана формалдылық емес. Бұл кезеңде біз профилактикалық жұмысты күшейтіп, азаматтарға дер кезінде әрекет етудің және қолдаудың маңыздылығын еске саламыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ұзақ уақыт бойы жасырын қалуы мүмкін мәселе. Біздің міндетіміз – адамдарға көмек бар екенін, полиция әрқашан жанында әрі қорғауға дайын екенін жеткізу», — деді ол.

Ол сондай-ақ Алматы қаласы ПД ҚҚБ қызметкерлері осы күндері халықпен кездесулер өткізіп, отбасыларды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес беріп жатқанын атап өтті:

«Біз қала тұрғындарын бейжай қалмауға шақырамыз. Егер сіз зорлық-зомбылықтың куәгері немесе жәбірленушісі болсаңыз — 102 нөміріне хабарласыңыз. Әрбір қоңырау маңызды, ол қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз зорлық-зомбылық деңгейін төмендетіп, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», — деп қосты Жадыра Қантарбаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғамның белсенді қатысуы — акцияның табысты өтуінің негізгі факторы. Халықтың ақпараттануы артқан сайын, көмекке мұқтаж адамдарды қорғау мүмкіндігі де жоғарылайды.

Яндекс.Метрика