Фото: Бейсен Сұлтан
Қытайдағы қазақ қауымына кеңінен танылған, «Қайран әке» күйінің авторы, аты аңызға айналған күйші Нұрымбай Сүлейменұлы дүниеден өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Белгілі күйші әрі композитор Нұрымбай Сүлейменұлы 2025 жылдың 2 желтоқсанында Текес өңірінде өмірден озды. Қоштасу рәсімі 4 желтоқсанда Текес аудан қалашығындағы өз шаңырағында өтетіні жайлы ақын Думан Бәзілжанұлы хабарлады.
Нұрымбай Сүлейменұлы 1956 жылы қараша айында Қытайдың Іле аймағы, Текес ауданына қарасты Қарадала ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Сүлеймен – діни медреседе оқыған, сауатты, көзі ашық жан ғана емес, жастайынан қара қурай сыбызғыны серік еткен өнерпаз күйші болған. Анасы Жамалқан – өлеңге жақын, сөзге шешен, ән салатын өнерлі адам. Осындай өнер ордасында өскен Нұрымбай әкесінің сыбызғы үнін бойына сіңіріп, бала кезінен-ақ күй әлеміне терең қызығушылық танытады. Домбыраға әуес болып, әкесінің сыбызғымен тартатын күйлерін домбыраға түсіре бастауы – оның үлкен өнер жолына бет бұруының алғашқы қадамы еді.
Жас Нұрымбай сол кезеңде аты шыққан Мұқаметжан, Жабықай, Шамғұын секілді белгілі күйшілердің батасын алады. Әлі жасөспірім шақтың өзінде халық күйлерін нақышына келтіре орындап, елдің ыстық ықыласына бөленеді. Алайда 1972 жылы «Мәдениет зор төңкерісінің» зардабынан әкесінен айырылуы оған ауыр соққы болады. Әкенің қазасы оның жүрегінде терең із қалдырып, кейін бұл мұңлы сезім әйгілі «Қайран әке» күйіне арқау болды. Осы шығармасымен тыңдарманға кең танылған Нұрымбай Сүлейменұлы кейін де халық жадында қалған көптеген күйлерді дүниеге әкелді. Оның «Қарт толғауы», «Дала сыры», «Ыстық ұя», «Атамекен», «Қос ағама», «Таңжарыққа арнау», «Шашау», «Текес толқыны», «Бейжіңгер» секілді 60-тан астам күйі ел ішінде кеңінен орындалып жүр. Сонымен бірге «Қаражоным», «Гүл үздім саған арнап», «Ілем менің» сияқты жиырмаға жуық әннің де авторы.
Композитор Құрманжан Зікірияұлының айтуынша, Нұрымбай Сүлейменұлы – шертпе күй дәстүрін терең меңгерген, домбыраның мүмкіндігін жаңа деңгейге көтерген шебер орындаушы. Оның шығармалары көлемді, бір жүйеге түскен, формасы жағынан күрделі, мазмұны бай туындылар. Күйшінің музыкалық тілі табиғат болмысын да, қоғам тынысын да домбыраның қос ішегімен әсерлі жеткізе алады. Нұрымбайдың күйлері терең толғанысқа толы, мұңлы әуенімен ерекшеленеді.
Өмір бойы күй өнеріне адал қызмет еткен Нұрымбай Сүлейменұлы 2006 жылы Шыңжаң Халық үкіметі тарапынан «Халық композиторы» атағына ие болды. 2004 жылы орталық «Ұлттар» баспасынан оның «Қайран әке» атты ән-күй жинағы мен күйтабағы жарық көрген.
