Фото: adobe.com
Мемлекет басшысы жақында Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар әзірлеуді тапсырды. Президент пәрменінен кейін Үкімет бірқатар маңызды шешімдер қабылданғанын хабарлаған. Соның бірі – халықтың жаңа көлік тізгіндеуіне мүмкіндік беретін жеке азаматтарға лизингпен көлік рәсімдеу мүмкіндігі, деп хабарлайды Qazaq.Today ақпарат порталы.
Автолизинг – көлікті ұзақ мерзімді жалға алу. Лизинг арқылы көлік ай сайынғы төлем негізінде беріледі. Жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін көлік алушының емес, лизингтік компанияның меншігі болып қалады.
Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін тұтынушы автокөлікті компанияға қайтару немесе қалдық құны бойынша сатып алу туралы шешімді өзі қабылдайды. Еркіне қарай жаңа келісімге қол қойып, басқа көлікті жалға алу тетігі де ұсынылады.
Лизинг пен автонесиенің басты айырмашылығы – меншік құқығы. Автонесие рәсімделгенде көлік бірден сатып алушының атына тіркеліп, банк кепілдігінде болады. Ал лизингте көлік сатушы компанияның меншігінде қалады. Оны рәсімдеуші жалға алушы санатында болып, төлемді де осы негізде жасайды.
Төлем құрылымында да ерекшелік бар. Автонесиеде көлік құны мен пайызы ай сайын төленсе, лизингте айына оның амортизация шығындары өтеледі. Лизинг мерзімі біткенде қалдық соманы төлеп, көлікті меншігіңізге өткізе аласыз.
Бастапқы жарна құю жүйесінде де өзгешеліктер бар. Автонесиемен көлік аларда, әдетте, 10-30 пайыз бастапқы жарна талап етіледі. Лизинг жүйесінде төменірек жарна талап етілуі мүмкін, кейде, тіпті мұндай шарт болмайды.
Лизингпен көлік алған азамат келісімшарт мерзімі біткеннен кейін көлікті қайтаруға немесе өзінде қалдыруға құқылы. Автонесие негізінде көлік иеленгендерде мүлік өзінде қалады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанда бастапқыда лизингке жаңа көліктер, кезең-кезеңімен пайдаланылған көліктерді де ұсынылуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Мұндай көліктердің шекті бағасын белгілеу лизингтік компаниялардың құзіретіне қалдырылады. Ал саладағы сарапшылар елімізде лизинг бағдарламасы сәтті жүзеге асу үшін лизинг шарты, төлем мөлшері әдеттегі автонесиеден төмен болуы керек екенін алға тартып отыр.
«Несие бойынша айына 100 мың, лизингте 150 мың төлем жасау шарты болса оны рәсімдеудің қажеті қанша? Бағдарлама шынында да халыққа жеңілдетілген нұсқада ұсынылуы үшін лизинг беретін компания немесе лизингтік бағдарламаны қаржыландыратын екінші деңгейлі банктер белгілі бір сомадағы қаражатты қазіргі мөлшерлемеден төмен алуы керек. Қазір қайта қаржыландыру мөлшерлемесі – 18%. Банк сәйкесінше 20% пайыздық мөлшерлемемен ұсынуы мүмкін. Сондықтан лизинг қалтаға қонымды болу үшін 20%-дан төмен болу керек», деді Қазақстанның тәуелсіз автокөлік одағының басшысы Эдуард Эдаков.
Айта кетейік, Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап көлік автолизингке беріледі.
