Фото: Pixabay
Оқушы 30 қараша күні үйінен шығып, қайта оралмаған. Оның денесін сүңгуірлер өзеннен тапты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ақтөбеде оқушы моншада жұмыс істейтін досына көмектесу үшін кеткен соң үйге оралмағандықтан, еріктілер іздеу жариялаған. 10-сынып оқушысы 30 қараша күні шамамен сағат 12:30-да үйінен шыққан. Полиция 112 құтқару қызметіне 16 және 27 жастағы екі адамның жоғалғанын хабарлап, іздеуге көмек сұраған.
«Іздестіру-құтқару шараларына ТЖД күштері мен құралдары, ТЖМ 20982 әскери бөлімінің қызметшілері және полиция қызметкерлері тартылды. Іздестіру барысында дрондар, кинологтар, сүңгуірлер және жүзу құралдары қолданылды. Кеше іздеу жұмыстары кезінде ТЖД сүңгуірлері жоғалған жасөспірімнің денесін тауып, судан шығарды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полицияға берілді», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, бүгін құтқарушылар дрон арқылы 1998 жылы туған екінші адамның денесін өзен жағасынан 30 метр қашықтықтан тапты.
«Іздестіру барысында өзен жағасында жоғалғандардың ұялы телефондары табылды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері екі адамның денесін жағаға шығарды. Зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады», – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
