Оның сөзінше, Қазақстанның бүкіл қаржы жүйесі осы бір құбырға байлаулы. Үш ірі мұнай кен орнының экспорты дәл сол бағытпен жүреді, ал бюджет пен Ұлттық қорды толтырып отырған негізгі кіріс — мұнай мен газ. Яғни КТК тоқтаса, ел бір сәтте ең ірі табыс көзінен айырылады.
«Қазақстан бұл тәуекелді баяғыда-ақ түсініп, экспортты әртараптандыруға кірісуі керек еді. Қарыз алып болса да, балама маршруттар — Қытай бағыты, Түркия арқылы өтетін транзит және басқа да жаңа бағыттар — әлдеқашан дамуы тиіс болатын», — деді ол.
Шурманов КТК-ның қазіргі геосаяси ахуалда аса қауіпті аймаққа айналғанын айтады. Қақтығыс күшейген сайын бұл инфрақұрылым қысым көрсетудің құралына айналып барады. Оның үстіне, құбырдың артында АҚШ компанияларының ірі мүдделері бар, сондықтан КТК геосаяси ойынның бір инструментіне айналған.
Экономист ерте ме, кеш пе құбырға едәуір зақым келу ықтималдығы жоғары екенін ескертеді. Ал ондай жағдай орын алса — елді бірден экономикалық құлдырау күтіп тұр.
Шурмановтың пікірінше, Қазақстан жаңа экспорттық бағыттарды дәл қазір ойластырып, іске асыруға кірісуі керек. Бірақ бұл мәселеде ең үлкен кедергі — саяси фактор. Ең жақын көршімізбен арадағы дипломатиялық қатынас ашық түрде «басқа маршрутқа көшеміз» деуге мүмкіндік бермей отыр.
Дегенмен, соңғы оқиғалардан кейін Қазақстанның балама жолдар туралы әңгіме бастауына салмақты уәжі пайда болды. Өйткені бұрынғы «бейресми кепілдіктердің» ешқайсысы қазір жұмыс істемейтіні айқындалды.
Сарапшының айтуынша, енді Қазақстан келіссөз үстеліне қайта отырып:
«Қолданыстағы маршрутпен жұмыс істейміз, бірақ өзіміздің тәуелсіз экспорттық бағыттарымызды да дамытамыз» деп ашық айтуы тиіс.
Бұл — аса нәзік дипломатияны талап ететін қадам.
