Алматыда есірткі бизнесі мен оны насихаттауға қарсы ауқымды жұмыс жүріп жатыр. «НаркоСтоп» бірегей жобасы аясында қазіргі таңда 3 мыңнан астам ерікті қала тыныштығы мен жастардың болашағы үшін күреске жұмылдырылған.
Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, мегаполисте нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізілуде. Бұл мақсатта арнайы төрт орталық тұрақты жұмыс істеп тұр.
2025 жылдың басынан бері қалада 180-нен астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Еріктілердің еңбегі орасан: олар қала қабырғаларындағы есірткіні жарнамалайтын 18 мыңнан астам граффити мен трафареттің көзін жойды.
Виртуалды қауіпке – нақты жауап
Күрес тек көшеде емес, интернет кеңістігінде де қызу жүріп жатыр. 2024 жылдан бастап қолға алынған «кибереріктілік» бағыты өз жемісін беруде.
Арнайы дайындықтан өткен жастар тыйым салынған заттарды насихаттайтын күмәнді сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларын анықтайды. Нәтижесінде 197 интернет-ресурс бұғатталып, есірткі зертханалары мен сатушылары туралы ақпарат құқық қорғау органдарына жедел жолданған.
Сонымен қатар, қауіптің алдын алу мақсатында 35-тен астам бейнеролик түсіріліп, олар LED-экрандар мен қоғамдық көліктерде көрсетілуде.
Жастар – қаланың қозғаушы күші
Бүгінде Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 712 мыңнан астам азамат тұрады, бұл – қала халқының үштен бірі. Мегаполистегі жоғары оқу орындары мен колледждерде 300 мыңға жуық студент білім алуда.
Атқарылған жүйелі жұмыстардың арқасында жастар арасында оң динамика байқалады. Мәселен, оқымайтын және жұмыс істемейтін жастардың үлесі (NEET санаты) 6,4%-дан 5,8%-ға төмендеді. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,1%-ға дейін азайған. Бұл көрсеткіштер қаланы дамыту бағдарламасының тиімділігін көрсетеді.
