Фото: AFP via Getty Images
Гонконгтың солтүстік бөлігінде орналасқан Wang Fuk Court тұрғын кешенінде шыққан алапат өрт 94 адамның өмірін қиды. Тағы жүздеген тұрғынмен байланыс үзілген. Бұл ақпаратты жергілікті билік растады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
BBC мәліметінше, қаза тапқандардың арасында бір өрт сөндіруші бар. 76 адам жарақат алған, ал құтқару және іздеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Полиция өртке қатысты абайсызда кісі өлімі дерегі бойынша үш адамды ұстағанын хабарлады. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Сегіз ғимараттан тұратын кешеннің жетеуін шарпыған өртті өшіруге 700-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылған. Өрттің неден шыққаны әзірге анықталмаған. Алдын ала болжам бойынша, ғимараттардағы жөндеу жұмыстары кезінде тұтанған болуы мүмкін.
Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли жоғалғандар саны 279 адамға жеткенін мәлімдеді. Кейін өрт сөндірушілер олардың біразымен байланыс орнатқанын айтты. 900-ден аса тұрғын эвакуациялық орталықтарға уақытша орналастырылды.
1983 жылы салынған Wang Fuk Court сегіз блоктан тұрады. Барлығы 1984 пәтер бар. 2021 жылғы деректерге сәйкес, онда шамамен 4600 адам тұрған. Гонконгтағы үйлердің тым тығыз салынуы бір нысандағы өрттің көрші блоктарға жылдам таралу қаупін арттырады.
