Altel, Tele2 және Beeline: 25 желтоқсаннан бастап тарифтер қымбаттайды

Фото: Pixabay

Altel, Tele2 және Beeline компаниялары 25 желтоқсаннан бастап абоненттік төлемдердің өсетінін хабарлады. Операторлар тарифтердің қымбаттауын қызмет көрсету шығындарының артуымен және ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуімен байланыстырып отыр, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Orda.kz таратқан дерекке сәйкес, салық жүктемесінің өзгеруі саланың барлық ойыншыларына әсер етеді. ҚҚС-тың ұлғаюы байланыс операторларына қосымша шамамен 35 млрд теңге шығын әкеледі. Тарифтерді көтеруге негізгі себептердің бірі де осы.

Beeline мәлімдемесінде тарифтерді ұзақ уақыт өзгертпеу инвестиция көлемін азайтып, байланыс сапасына кері әсер ететінін атап өткен. Компанияның айтуынша, бағаны түзетпесе, желі қазіргі жүктемені көтере алмай, цифрландыру процесі бәсеңдеуі мүмкін.

Tele2 мен Altel өкілдері де тариф өсімін «мәжбүрлі қадам» деп атады. Олардың сөзіне сенсек, барлық абоненттерге бағаның өзгеретіні туралы SMS хабарлама 30 күн бұрын жіберіледі.

Бұған дейін интернет тарифтерінің 15–20% аралығында қымбаттайтыны айтылған. Tele2 мамандары желіге түсетін жүктеменің күрт артуы инфрақұрылымның жаңарту қарқынынан асып кеткенін жеткізген. Ал Kcell тарифтерді қайта қарастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын, бірақ түпкілікті шешім шығындарды толық талдағаннан кейін қабылданатынын мәлімдеген.

Яндекс.Метрика