Фото: Видеодан кадр
Маңғыстауда «ыстық» нүкте: Мұнайшылар келісімшарттың орындалуын талап етті
Маңғыстау облысында еңбек дауы қайтадан күн тәртібіне шықты. Бұл жолы «Жалғызтөбемұнай» кен орнының жұмысшылары басшылыққа наразылық білдіріп, арнайы видеоүндеу жариялады.
Жұмысшылардың басты талабы — қағаз жүзінде бекітілген, бірақ іс жүзінде орындалмай жатқан құжаттардың күшіне енуі. Бұл туралы Qazaq.Today порталы жазды.
«Қол қойылды, бірақ ұмытылды»
Наразы топтың айтуынша, мәселенің төркіні 2024 жылдың жазында жасалған ұжымдық шартта жатыр. Құжатқа салтанатты түрде қол қойылғанымен, оның жұмысшылар үшін ең маңызды тұстары әлі күнге дейін «ауада қалып» тұр.
Мұнайшылар нақты үш тармақты атап көрсетті: 3.8, 5.93 және 5.95. Бұл тармақтар жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен қаржылық төлемдеріне тікелей қатысты болса керек.
Билік пен жұмысшы арасындағы диалог неге жүрмей жатыр?
Жұмысшылар бұл мәселені кеше ғана көтеріп отырған жоқ. Олардың сөзінше, былтырғы күзден бері табалдырық тоздырған мекемелер аз емес:
-
Еңбек инспекциясы;
-
Прокуратура органдары;
-
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
«Біз барлық жерге жаздық, бірақ нақты шара қолданылған жоқ», — дейді бейнежазбадағы мұнайшылар.
Министрлік не дейді?
Қызығы сол, Еңбек министрлігінің ұстанымы жұмысшылардың уәжіне кереғар. Ведомство биылғы мамыр айында берген ресми жауабында: «Зиянды еңбек жағдайлары үшін төленетін үстемақылар мен тарифтер заңнама шеңберінде белгіленген, ешқандай заң бұзушылық жоқ», — деп қысқа қайырған.
Алайда «Жалғызтөбемұнай» ұжымы бұнымен келіспейді. Олар компания міндеттеме алған екен, оны толық көлемде орындауға міндетті деп есептейді және құзырлы органдардан іске араласуды сұрап отыр.
View this post on Instagram
