«14 метрге ұшып кеткен»: ШҚО тұрғыны қызын өлтірген адамның бостандықта жүргенін айтты

Фото: Тiktok.com/@kuralay.07_04

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Құралай Дәулетқан үш ай бұрын күтпеген жерден жалғыз қызынан айырылғанын айтып, дабыл қақты. Оның сөзінше, Рауан Конопьянов есімді жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан қызын қатты жылдамдықпен келіп қағып, соған қарамастан әлі күнге дейін жазадан құтылып жүрген, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Қайғылы оқиға биыл 21 тамызда Құлынжон ауылында болған. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Конопьянов жолдан өтіп бара жатқан Гаухар Фархатқызын көлігімен соққан.

“Қызым Гаухар ауыр бас жарақатын алып, 9 қыркүйекте облыстық балалар ауруханасының Анестезиология және реанимация бөлімінде көз жұмды. Жүргізуші елді мекен ішінде рұқсат етілген жылдамдықтан асып кеткен. Қақтығыс кезінде қызым көліктің алдыңғы терезесіне басымен соғылып, әйнек быт-шыт болды. Соққының қаттылығынан ол 14 метрге ұшып кеткен. Жол бойындағы қоршау болмағанда одан да әрі ұшып кетер еді. Аяғындағы аяқкиімі көрші үйдің ауласына дейін барып түсті. Оқиғадан кейін Гаухар 3-дәрежелі комаға түсті. 19 күн бойы есін жимай, ақыры көз жұмды”, – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Оның айтуынша, оқиғаға кінәлі азамат жазадан құтылу үшін түрлі амал жасап, тіпті таныстарына жүгінген көрінеді. Ал марқұмның ата-анасы қыздарының өмірі үшін күресіп жатқанда, құқық қорғау органдары күдіктінің сөзін сөйледі деп отыр.

“Апаттан бері үш ай өтті, алайда кінәлі адам әлі де еркін жүр. Полицияның әрекетсіздігі мен салғырттығын қызымның тағдырына деген немқұрайдылық деп түсінемін. Мен жалғыз перзентімнен айрылдым. Қазір инсульттен кейін 1-топ мүгедегімін. Қызым – менің сүйенішім, барым еді. Ол университетке түсемін деп бірнеше жыл дайындалды. Оқуға аттануына үш-ақ күн қалған болатын. Менің мақсатым – кек алу емес, әділдікке қол жеткізу”, – дейді анасы.

Осы жайтқа байланысты Шығыс Қазақстан облысының полициясына ресми сауал жолданды. Ведомство оқиғаның болғанын растады.

“Бұл факті бойынша Полиция департаментінің тергеу басқармасында Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен тараптың талаптары ескеріліп, кешенді сот сараптамасы тағайындалды. Сараптама нәтижесі шыққан соң заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге мәліметтер жариялауға жатпайды”, – деп хабарлады ведомство.

Яндекс.Метрика