Фото: Видеодан алынған кадр
Жамбыл облысында әскери ант қабылдау рәсімі қайғылы жағдайға ұласты. 24 жастағы келісімшартпен қызмет етіп жүрген Жақсылық Молдақұл салтанатты іс-шара кезінде бір көзінен айырылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әскери бөлім басшылығы ант қабылдауды ерекше өткізгісі келген сыңайлы. Сол күні сарбаздарға «көрсетілім» ұйымдастырылып, оларды от ішінен жүгіруге, күш сынасуға, тіпті бөтелке сындыруға қатыстырған. Жақсылық сол тапсырмалардың біріне тартылған.
Кезекті трюк кезінде бөтелке жарылып, сынық тура оның бетіне тиген. Сол сәтте жігіт теңселіп, айналаны көрмей қалған. Ауруханаға жеткізген дәрігерлер көзінің қатты зақымданғанын айтып, бірден тігуге кіріскен.
Жамбыл облыстық көз аурулары орталығының мамандары жарақаттың өте ауыр екенін айтады. Орталық басшысының орынбасары Жансая Сыдықова:
«Біз көзді орган ретінде сақтап қалуға бар күшімізді салдық. Ішкі қабықтары шығып кеткен. Қазір ең маңыздысы – екінші көздің сау қалуы», – дейді.
Жараланған сарбаздың анасы Гүлзира Байқонысова болған жағдайға сене алмай отыр. Ол – жалғызбасты ана.
«Балам – менің жалғыз қорғаным, жалғыз асыраушым. Үйленбеген, әлі бойдақ. Енді оның болашағы не болады? Қандай жұмыс істей алады? Маған ешкім нақты жауап бермейді», – деп налып отыр.
Туыстары оқиғаның жай ғана «сәтсіздік» емес екенін айтады. Олардың сөзінше, әскери бөлім басшылығы жағдайды жасырып, елге байқатпай жабуға тырысып жатыр.
Ал әскери бөлім командирі Бауыржан Есалы қысқа ғана түсінік берген:
«Медициналық тексеру толық аяқталған жоқ. Емдеу жалғасып жатыр. Біз сарбазға қажетті көмектің бәрін көрсетеміз», – дейді ол.
Бірақ жақындары бұл сөзге сеніп отырған жоқ. Төрт жыл бойы келісімшартпен қызмет етіп жүрген Жақсылықтың бір сәттік «көрсетілім» үшін мүгедектікке ұрынуы көпшілік арасында да, әулет ішінде де ауыр күйзеліске себеп болды.
