Сұмдық алаяқтық: 1,5 жыл бұрын қайтқан балаға әлі күнге ақша жиналып келген

Арсыздықтың шегі бар ма? Алаяқтар марқұм баланың атынан пайда тапқан

Қазақстанда адам сенгісіз жағдай болды. Белгісіз біреулер осыдан 1,5 жыл бұрын өмірден өткен кішкентай баланың еміне деп, жұрттан ақша жинауды жалғастырып келген. Бұл туралы марқұмның ата-анасы жақында ғана біліп, жағасын ұстады.

Оқиғаның мән-жайын жеті баланың анасы Оңласын Асылбаева айтып берді. Оның кенже ұлы Диас Мұса ұзаққа созылған ауыр дерттен көз жұмған еді.

«Балам түсіме мұңлы болып кірді»

Ана жүрегі бір жамандықты сезгендей. Оңласын ханымның айтуынша, алаяқтардың әрекеті әшкере болардан бір күн бұрын түс көрген.

«Балам түсіме кірді. Өзі сондай мұңлы, жылап жатыр екен. Маған ренжігендей болды. Ертеңіне маған таныстарым әлеуметтік желідегі видеоны жіберді. Сөйтсем, алаяқтар менің ұлымның суретін қойып, қайырымдылық қор ашқан екен. Баламның жаны тынышталмай жатыр ғой. Олар не үшін баламды шырқыратады?» – дейді көзіне жас алған ана.

Шын мәнінде, ата-анасы ұлын емдету үшін екі жыл бұрын ғана халықтан көмек сұраған. Ол кезде 70 мың доллар жиналып, 2024 жылы қаражат жинау толықтай тоқтатылған болатын.

Полиция алаяқтарды тапты ма?

Диастың ата-анасы бұл сұмдықты біле сала, құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Алайда, істің сипаты әлі де бұлыңғыр.

Полиция қызметкерлері желіде жалған ақпарат таратқан алаяқтардың жеке басын анықтаған. Дегенмен, күдіктілер әлі ұсталмаған, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Дәрігерлердің қателігі ме?

Бұл отбасының қайғысы тек алаяқтармен шектелмейді. Анасының айтуынша, кішкентай Диастың өмірін қиған басты себеп – дұрыс қойылмаған диагноз.

Отандық дәрігерлер қате болжаммен балаға бірнеше рет ота жасап, оның онсыз да әлсіреген ағзасын мүлдем титықтатқан көрінеді. Шетелдік мамандарға жүгінгенде, олар кеш қалғанын айтқан. Соңғы отадан кейін бүлдіршін комаға түсіп, сол күйі оянбастан көз жұмған.

Яндекс.Метрика