Астанада бүкіл қала болып іздеген 14 жастағы мектеп оқушысының тағдыры қайғымен аяқталды. Жоғалғанына бірнеше сағат қана болған жасөспірімнің денесі елордадағы өзеннен табылды.
Tengrinews.kz дерегінше, қайғылы оқиға 24 қарашада болған. Кешкі сағат 18:30 шамасында үйінен шығып кеткен қыз сол бойы байланысқа шықпаған.
Ата-анасы уақыт өткен сайын үрейленіп, сағат 21:00-де дереу полицияға хабарласып, көмек сұраған.
Түнгі іздеу және суицид нұсқасы
Астана қалалық Полиция департаменті дабыл түскен бойда шұғыл әрекетке көшкен. Іздеу жұмыстарына жеке құрам толығымен жұмылдырылып, еріктілер (волонтерлар) де көмекке келген.
Тәртіп сақшылары мен қала тұрғындары қаланы бірнеше сағат бойы сүзген. Өкінішке қарай, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмады. Оқушының денесі өзеннен табылды.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарап жатыр.
Қылмыстық іс қозғалды
Полиция өкілдері оқиғаның алдын ала себебін атады.
«Суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте куәгерлер 8-қабаттан секірмек болған бойжеткенді құтқарып қалған еді.
Психолог кеңесі: Баланың күйзелісте (стресс) жүргенін қалай байқауға болады?
