Интернеттен «Қазақстанда адам өлтіргенге қандай жаза бар?» деп іздеген: Полиция Янаның өлімін қалай ашты?

Фото: видеодан скрин

23 жастағы Яна Легкодимова Атырау қаласында 2024 жылдың 18 қазанынан 19-на қараған түні өлтірілген еді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қыздың өліміне себепкер болғандардың іс-әрекетін полиция әшкерелеп, жедел уәкіл күдіктілерді қалай құрықтағаны мен тергеу барысы туралы ақпарат polisia.kz сайтында жазылды.

Қыздың денесі 8 айдан соң Жайық өзенінің жағасынан табылды.

– Бірінші адам жоғалту фактісімен іс тіркелді. Хабар түскен сәтте біз оны іздеуге кірістік. Бірқатар жұмыс атқарылды. Адам ұрланғаны жөнінде мәліметтер жинақталған соң істі адам ұрлау дерегі бойынша жүргіздік. Одан соң іс кісі өлтіру дерегіне өзгертілді, – дейді Атырау облысы криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан Құсайынов.

Полицияға хабарды 20 қазан күні қыздың анасы жеткізді. Тәртіп сақшылары Янаның түр-сипатына, ерекшеліктеріне қарай сұрау салып, іздестіру жұмыстарын бастады.

Атырау облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Темірхан Хажмұратовтың айтуынша, Янаның үйден шыққан сәтінен бастап, жүрген жолы жіті тексерілді. Талдыкөлге бағыт алғаны да белгілі болған.

Көп ұзамай қызды алып кеткен екі жігіт анықталды. Бірі қылмыс жасаса, екіншісі ізін жасыруға көмектескен.

– Күдіктілер екі күннен кейін ұсталды. Бірі Құрманғазы ауданына кетіп үлгерген, екіншісі көлікті жуатын жерге апарып, іздерді және марқұмның телефонын жойған, – деді тергеуші Т.Хажмұратов.

Айғақтар жойылса да, полиция істі аша білді. Тергеу материалдарына сай, Хайржанов көліктің ішінде Янаны тұншықтырса, Катимов қыздың қашып кетпеуін бақылауға алған. Содан кейін олар денені қала сыртына апарып, өзенге лақтырған.

– Алдымен біз Хайржановты анықтадық. Оның жауабы бойынша екінші күдікті Катимовты таптық. Күдіктілер ұсталды, бірақ мәйіттің табылмағаны менің тәжірибемде алғаш рет кездесті. Соған қарамастан, күдіктінің сөзі бойынша қылмыс болған орынды анықтадық, – деді Ерлан Құсайынов.

Қылмыскер мен марқұм бір университетте оқыған және 2022 жылдан бері таныс. Олар қыз-жігіт ретінде қарым-қатынас орнатқан. Жедел уәкілдің сөзіне сүйенсек, мұндай жайттарда ұсақ-түйектің өзі маңызды болып табылады.

Қылмысқа Янаның Хайржановтың басқа қызбен кездесіп жүргенін және оған үйленбек екенін білуі себеп болған. Тергеуші басты күдікті әуелде тергеуді шатастыруға тырысқанын айтады.

– Сот санкциясы бойынша біз олардың парақшаларын тексердік. Хат алмасу барысында олар кісі өлтіру жоспарын талқылаған. Сондай-ақ, ғаламтордағы іздеу жүйесінде Қазақстанда адам өлтіру үшін қандай жауапкершілік қарастырылатыны және бейнебақылау камераларындағы жазбалар қанша уақыт сақталатыны туралы сұрақтар болған, – деді тергеуші Темірхан Хажмұратов.

Полиция қызметкерлері барлық қажетті процесті жүргізіп, дәлелдемелерді жинақтап, нәтижесінде екі қаскөй де өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Яндекс.Метрика