Фото: видеодан скрин
Семей тұрғындары жаңбырдан кейін қаланың қайтадан көлшікке айналғанына наразы. Әлеуметтік желіде адамдар «жыл сайын ештеңе өзгермейді, бұл проблема жылдан-жылға шешілмей келеді» деп жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Кейбір ата-аналар «осындай ауа райында балаларды онлайн оқуға ауыстыруға болар еді, ертең көктайғақ болмасын» деп дабыл қақты. Тағы бір қолданушы «бастауыш сынып оқушысы мұндай судан қалай өтеді, неге сабақ уақытша тоқтатылмайды?» деп сұрайды.
Тұрғындар асфальт дұрыс төселмегенін, судың өзенге қарай ағуы ескерілмегенін айтады: «асфальтты жоғары етіп төсеп, енді бүкіл су біздің үйдің алдына жиналды, біз су кешіп жүрміз». Кейбірі тіпті «біздің жаққа жаңа аудан салынады дейді, бірақ қазіргі жағдайдың өзі батпақ» деп мысқылдаған. Тағы бір пікірде «жыл сайын бір жағдай, қашан дұрыс ливневка жасалады?» деп жазылған.
Қала әкімдігі болса «қазір жаңбыр суын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, вакуумдық техникалар тартылды» деп хабарлама таратумен шектелді. Бірақ халықтың сөзінше, бұл шаралар тек уақытша ғана, ал түпкілікті шешім жылдар бойы кейінге қалып келеді. Бір сөйлеммен айтқанда, әкімдік мәселені шешіп жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде қала инфрақұрылымын реттеуге нақты қадам жасалмаған.
