Фото: видеодан скрин
Ақтөбеде Kazyna Premium тұрғын үй кешенінің 97 тұрғыны төрт жылдан бері өз пәтеріне кіре алмай, жалдамалы үйлерді паналап жүр.
Тұрғындар барлық қаражатын, тіпті несие алып, мүліктерін сатып жинаған ақшасын құрылыс компаниясына толық төлегенін айтады. Алайда «Жастар Құрылыс Компаниясы» негізгі сатып алу-сату келісімшарттарын рәсімдеуден бас тартып, алдын ала келісімдер «күшін жойды» деп мәлімдеген. Салынған үй әлі күнге дейін тапсырылмаған, аумақ реттелмеген, лифт пен әрлеу жұмыстары жоқ. Компания 100 пәтердің 97-сін сатып, 1,6 млрд теңгеден астам қаражат жинағанымен, тұрғындар өз құқықтарын дәлелдей алмай жүр. Құрылысшы тарап төлем фактілерін мойындамай, адамдардың меншік құқығын тіркетуіне мүмкіндік бермей отыр. Тұрғындар арасында үмітсіздік күшейіп, кейбірі ауыр психологиялық жағдайға түскен. Халық жағдай ушығып бара жатқанын айтып, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілмесе, үлкен трагедияға әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда.
Тұрғындар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін ашық сынға алды. Ал Ақтөбе әкімдігі төрт жылға созылған бұл дауға нақты шара қолданбай, тек бақылаушы рөлінде қалып отыр.
