Фото: Видеодан алынған скрин
ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Түркістан облысы Алғабас ауылындағы өрттен кейін медициналық мекемелерге жеткізілген үш адам кейіннен ем-домын Шымкентте немесе Астанада жалғастыратынын айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
— Ауруханаға жеткізілгендердің жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Қыз бала мен әйел жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Ал ер адам өз күшімен тыныс алуға қауқарлы. Олардың барлығы шок алған және 11-12 пайыздан 30 пайызға дейін әртүрлі дәрежеде күйік шалған», — деді Т. Сұлтанғазиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп, аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.
— Санитарлық авиациямен бес маман жіберілді. Олар қазір сол жерде ем-домға көмектесіп жатыр. Барлық дәрі-дәрмек жеткілікті. Ендігі басты мақсат – олардың жағдайын тұрақтандыру, — деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, өрттен зардап шеккен үш науқасты Шымкентке немесе Астанадағы республикалық клиникаға жеткізу қарастырылып жатыр.
