Тұмау желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін – Денсаулық сақтау министрлігі

Фото: Pixabay

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды баяндады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Жыл сайын республикада ЖРВИ-дің 3,5 миллион жағдайы және тұмаудың 2 мыңға дейінгі жағдайы тіркеледі.

– Эпидемиологиялық маусымның басталуы бойынша ЖРВИ-дің 1,461 миллион жағдайы тіркелді, 2024 жылғы кезеңмен салыстырғанда аурушаңдық 20%-ға төмендегені байқалады. Басым бөлігі – 66 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп жатыр. Соңғы аптада республикада вирустық инфекциялардың 183 мың жағдайы тіркелді, ал бұл өткен эпидемиологиялық маусымның осындай аптасымен салыстырғанда аурушаңдық 16 пайыз артып отыр, – деді министр.

Министрдің айтуынша, биыл аталған вирустардың таралысы жылдағыдан ерте байқалып отыр.

– Эпидемиялық маусым басталғалы бері тұмаудың А типінің (H3N2 — Қазақстанда 2001 жылдан бері Гонконг тұмауы деп аталады) зертханалық расталған 587 жағдайы, оның ішінде A (H1N1) типінің 3 жағдайы тіркелді. Алдыңғы жылдары тұмау циркуляциясы 43-ші, 51-ші апталарда, жаңа жылға жақын өсу байқалса, биыл ерте анықталып, 41 аптада басталды, яғни қазан айының бірінші жартысына сәйкес келіп отыр. Болжам бойынша өсім желтоқсан айының ортасына дейін сақталуы мүмкін, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Яндекс.Метрика