Фото: gov.kz

Экономист Бауыржан Шурманов Венгрияның ресейлік мұнайдан бас тартуы Қазақстан үшін жаңа экспорттық мүмкіндік аша ма деген сұраққа пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Оның айтуынша, бұл мәселе іс жүзінде саяси деңгейде әлдеқашан шешілген. Венгрия президенті Дональд Трамппен кездескен кезде мұнай импорты туралы мәселе талқыланып, алдын ала келісім бойынша АҚШ Венгрияға санкциялық шектеулерді алып тастап, ресейлік мұнай сатып алуға рұқсат берген.

Экономист Қазақстанға да бұл жағдайды қайта қарап, белгілі бір балама ұсыныс жасауға болатынын айтады. Бірақ логистика жағынан қарағанда Венгрияның негізгі әрі тиімді жеткізушісі — әлі де Ресей.

«Теориялық жағынан біз үшін де шағын мүмкіндік пайда болуы мүмкін. Дегенмен Қазақстан мұнайы негізінен Ресей инфрақұрылымы арқылы тасымалданады. Сондықтан айтарлықтай өзгеріс болады деу қиын», — дейді Шурманов.

Оның пікірінше, қазіргі нарықтық ахуал, соның ішінде Ресей мұнайына қойылған бағалық шектеу Венгрия үшін дәл осы шикізатты ең тиімді нұсқа ретінде қалдырып отыр. Сондықтан Будапешттің ресейлік мұнайдан толық бас тартуы әзірге күмәнді.