Ұлттық экономика министрлігінің жауабында Салық кодексін Парламент қабылдап, Президент қол қойғаны айтылған. Ведомство өкілдері заңға сәйкес мемлекеттік орган басшысы Парламент қабылдаған заңды қайта қарау туралы шешім қабылдауға құқылы еместігін айтып, петицияны қабыладудан бас тартқан.
Министрлік петицияда көтерілген норма — шегерімдерге тыйым салу — салық жүктемесін әділ бөлу және табысты жасыру схемаларын болдырмау мақсатында енгізілгенін мәлімдеді.
Мысал ретінде министрлік бір құрылыс компаниясын келтірді: ол кеңсе, техника және көлік жалдау қызметтерін компания құрылтайшысына қатысы бар жеке кәсіпкерлерден (ЖК) сатып алып отырған. Әрбір ЖК 165 млн теңгеге қызмет көрсеткен — бұл сол жылы АСР қолдануға рұқсат етілген шекті табыстан небәрі 900 мың теңгеге аз болған. Сонымен қатар бұл жеткізушілерде аталған қызметтерді орындауға қажетті арнайы техника болмаған.
«Бұл мысал салықтан жалтару схемаларының қолданылғанын көрсетеді. Яғни жалпы белгіленген тәртіп бойынша 20% корпоративтік табыс салығын төлеудің орнына, компания жеңілдетілген декларация негізінде шамамен 3% ғана төлеген», – делінген министрліктің жауабында.
Екатерина Ким бұл петицияны 17 қазанда жариялап, ол қысқа уақыт ішінде қажетті 50 қол жинаған.
Петиция Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 286-бабының 16-тармағына қатысты. Бұл норма жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын субъектілермен мәміле жасаған кезде шығыстарды шегерім ретінде тануға тыйым салады. Петиция авторының пікірінше, бұл талап контрагент таңдауда шектеу қойып, бағаның өсуіне, нарықтың монополизациялануына және салық базасының қысқаруына әкеледі.
Сонымен қатар петицияда ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету мәселесі де қозғалды. Автордың айтуынша, бұл шағын және орта бизнеске шамадан тыс ауыртпалық түсіріп, жаппай жабылу немесе көлеңкелі экономикаға кету қаупін туғызады.
Петицияда ұсынылған талаптардың бірі – Салық кодексінен жеңілдетілген режим қолданушылармен мәмілелер бойынша шегерімдерге тыйым салатын норманы алып тастау. Оның орнына, егер мәміле бастапқы құжаттармен расталса, шығыстарды шегерімге жатқызу құқығын сақтап қалу ұсынылған.
Сонымен қатар петицияда ҚҚС мөлшерлемесін көтеру және тіркеу шегін төмендету мәселелерін қайта қарау, бұл нормаларды енгізер алдында бизнес, заңгерлер және сарапшылардың қатысуымен кеңінен талқылау жүргізу қажеттігі де айтылған.
Петиция авторы министрліктің жауабымен және онда келтірілген мысалмен келіспейтінін білдірді.
«Неліктен бір ғана компания үшін бүкіл Қазақстанның шағын және орта бизнесі зардап шегуі керек? Келесі қадамымыз – модерация нәтижесіне және жалпы шешімге шағым беру, сондай-ақ Конституциялық сотқа жүгіну», — дейді петиция авторлары.
Сонымен қатар Екатерина Ким Президентке де үндеу жолдап, Ұлттық экономика министрлігі мен Үкіметке Салық кодексіндегі шегерімдерге тыйым салу нормасын қайта қарау, жаңа салық мөлшерлемелерін қоғамдық тыңдаулар өткенге дейін кейінге қалдыру және Президент әкімшілігі жанынан жұмыс тобын құруды тапсырма беруді сұрады.
Фото: Әлеуметтік желі
