Қызылордада бір көшенің халқы қараңғыда қалды: әкімдік бір жылда жарықты да орната алмаған

Фото: видеодан скрин

Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округінің тұрғындары қараңғыда қалып, өз өмірлері үшін алаңдап отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Әбілда Мейірманов көшесінде жарық бағаналары да, асфальт та жоқ — түнде бұл көше нағыз қауіпті аймаққа айналады. Тұрғындар өткен қысда-ақ әкімдікке шағымданған, бірақ арада бір жыл өтсе де, шенеуніктерден нақты әрекет жоқ. Халықтың айтуынша, «жарық орнатамыз» деген уәде тек қағазда ғана қалған. Балалар қараңғы жолмен мектепке барып, ересектер тас қараңғыда жұмысқа қатынап жүр.

«Қай көшеге ақша бөлінді, қай көшеге бөлінбеді – бізге белгісіз, бірақ бізді ешкім елемейтіні анық» дейді жұрт. Әкімдік жарық шамдарын орнатуға бөлінген қаражаттың қайда кеткенін түсіндіруге де асығар емес. Қыс жақындап, күн суыған сайын мәселе ушығып, қауіп еселеніп келеді. Тұрғындар «енді шу шығарудан басқа жол қалмады» деп отыр. Олар биліктен бос уәдені емес, қарапайым жарық пен қауіпсіз жолды талап етуде.

Яндекс.Метрика