«Қазақтелекомда» сыйақы дауы: басшылар миллион алды, жұмысшылар – 20 мың

Фото: Видеодан алынған кадр

Атырау мен Маңғыстаудағы «Қазақтелеком» қызметкерлері компания басшылығына ашық үндеу жолдап, жалақы мен сыйақы төңірегіндегі әділетсіздікке назар аудартты. Жұмысшылардың айтуынша, қарапайым мамандар ай сайынғы міндетті жұмыстарды атқарып, күндіз-түн демей желілерді жөндеп жүрсе де, олардың еңбекақысы елдегі қымбатшылықпен мүлдем сәйкес келмейді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Қызметкерлер коммуналдық төлемнің күрт өсуі, азық-түлік бағасының шарықтауы және инфляцияның тоқтаусыз өсуі жағдайында қазіргі айлықтың күнкөріске жетпейтінін ашық айтты. Олардың сөзінше, соңғы жылдары жалақы индексациясы инфляция қарқынына ілесе алмай, қызметкерлердің табысы жыл сайын төмендеп келеді.

Ал ең үлкен наразылықты тудырғаны — сыйақының бөлінуі. Жұмысшылардың мәлімдеуінше, компанияның топ-менеджерлері он айлық көлемінде бонус алып, миллиондаған теңге сыйақы иеленген. Ал қарапайым қызметкерлерге небәрі 20 мың теңге берілген.

«Барлық ауыр жұмысты біз атқарамыз. Авария болса да, боран болса да, түн ортасында шықсақ та – біз шығамыз. Бірақ сыйақы келгенде, қаражат басшылыққа кетеді. Бізге бергендері – 20 мың теңге. Бұл барып тұрған әділетсіздік», – дейді қызметкерлер.

Жиналған жұмысшылар бұл мәселенің тікелей компания басшысы Бағдат Мусинге жетуін талап етіп отыр. Олар өз үндеуін видеоға жазып, оны қоғам назарын аудару үшін жариялаған.

Қызметкерлердің сөзінше, компания ішіндегі әділдік мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ, бірақ бұл жолы наразылық күшейген. Өйткені қазіргі экономикалық жағдайда төмен жалақы – тек қолайсыздық емес, күнделікті өмірге нақты қауіп төндіріп отыр.

Яндекс.Метрика