ЛГБТ идеологиясы балалардың құқығына қол сұғады — Жанарбек Әшімжан

Фото: Мәжіліс

Бүгін Мәжіліс депутаттары қоғамда үлкен талқылау тудырған заң жобасын қабылдады. Құжат ЛГБТ насихатына тыйым салу арқылы балаларды және жастарды психологиялық әрі моральдық тұрғыдан қорғауды көздейді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бұл бастаманы әріптестері толық қолдағанын айтты. Оның сөзінше, ЛГБТ идеологиясы тек балалардың емес, түрлі жастағы азаматтардың дәстүрі мен наным-сеніміне де кері әсерін тигізіп отыр.

“Бұл заң жобасы ұзақ талқылаудан кейін қабылданды. Қазақстанда ЛГБТ өкілдері қуғынға ұшырамайды, бірақ олардың ашық насихат жүргізуіне шектеу қойылады. Біз БҰҰ Балалар жөніндегі комиссиясын қолдай отырып, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қорғауымыз керек. Әр мемлекет өз ұрпағының болашағына бөгде құндылықтардың әсерін болдырмауға құқылы. 2022 жылғы Женева конвенциясына сай, біз балалардың құқығын қорғауға міндеттіміз. Бұл – халықаралық міндеттемелерді заң аясында орындаудың бір бөлігі,” – деді депутат.

Жанарбек Әшімжан сондай-ақ, бұл бастама алғаш рет 2023 жылы Асхат Аймағамбетовпен бірге көтерілгенін еске салды. Ол кезде қоғамда үлкен қарсылық болғандықтан, норма қабылданбаған.

“Біз бұл ұсынысты аспаннан алған жоқпыз. Бізге 10 мыңнан аса хат келіп түсті. Халықтың сұранысы мен алаңдаушылығын ескере отырып, осы жолы заң жобасы қабылданды,” – деді ол.

Сонымен қатар, депутат заңның қабылдануы отбасылық құндылықтарды нығайтуға айтарлықтай ықпал ететінін айтты. “Бұл құжат – отбасы мен бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті күшейтудің бір қадамы. Себебі балаға әсер ететін идеологиялық шабуыл ең алдымен оның санасы мен тұлғалық дамуына қауіп төндіреді. Біз ата-аналардың, ұстаздардың және қоғамның рөлін күшейтуіміз керек. Бұл заң тек тыйым емес, ұлттық сананы қорғаудың тетігі,” – деді Жанарбек Әшімжан.

Оның пікірінше, халықтың басым бөлігі бұл бастаманы қолдайды. Себебі ел тұрғындары ұлттық дәстүр мен моральдық құндылықтардың сақталуына мүдделі. “Қоғамның сұранысы айқын – халық балаларының болашағына алаңдайды. Сондықтан мұндай шектеу қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заңды әрі орынды жолы,” – деп түйіндеді депутат.

Яндекс.Метрика