Атырауда блогер жол компаниясынан 30 миллион теңге бопсалаған

Фото: © istockphoto.com

Атырау облысында полиция жол құрылысына жауапты мердігер компания өкілінен 30 миллион теңге бопсалаған блогерді ұстады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

29 қазанда облыстық полиция департаментіне компания қызметкері жүгініп, өзін блогер әрі «азаматтық белсендімін» деп таныстырған ер адамның 30 миллион теңге талап еткенін айтқан.

Ол ақша берілмеген жағдайда әлеуметтік желілерде беделге нұқсан келтіретін материалдар жариялаймын деп қорқытқан.

Күдікті ұсталды

Полицияның жедел шаралары нәтижесінде 1982 жылы туған ер адам анықталып, ұсталды.

Қазір ол тергеу органдарына жеткізілді.

«Күдікті полиция бөлімшесіне жеткізіліп, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген Атырау облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Қылмыстық іс қозғалды

Аталған дерек бойынша ірі көлемде бопсалау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция департаментінің басшылығы тергеу барысын жеке бақылауына алды.

Яндекс.Метрика