Фото: видеодан скрин
Тележүргізуші, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды “Алғашқы” бағдарламасына берген сұхбатында тұңғышы дүниеге келер сәтте басынан өткен қиындықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, жұбайы Назгүл Қарабалина ұлы Сұлтанға жүкті кезінде қатты ауырып, әлі дүние есігін ашпаған сәбиінің өміріне қауіп төнеді.
“Сұлтан ерекше бала болып туды. Біз баланы біраз уақыт күттік. Сұлтан Назгүлдің ішіне бітіп, жүктіліктің шамамен төртінші айында жұбайым қатты ауырып, дәрігерлер ауыр гормоналды дәрі салып жіберген. Содан дәрігерлер “Сұлтанды адам болмайды, дүниеге келмейді, алып тастау керек” деп айтты. Біз ол кезде жас отбасымыз, не үй жоқ. Мен қатты алаңдап, қорқып қалдым”, – деді ол
Жұлдызды жұп дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, баланы алып тастаудан бас тартқан.
“Бір күні әріптесім екеуміз көшеде тұрсақ, өтіп бара жатқан көлік тоқтап, жүргізушісімен әңгімелесіп қалдық. Әңгіме барысында жағдайымызды естіген ол Алматының Правда (қазіргі Алтынсарин көшесі) көшесінде тұратын бір әйел кісі туралы айтты. Сонымен ағамыз Азат Сейтметовтың көлігімен Рая есімді емшіге апарып, көтеріп кіргіздік. Бір уақытта Назгүл өз аяғымен келе жатыр. Рая апамыз “Бәрі жақсы, кішкене көз тиген, бала аман-есен тиіспеңдер” дейді. Ал дәрігерлер баланың адам болмайтынын айтады, мен қайтадан жылап-еңіреп Рая апаға барамын. Сонда ол кісі “Жоқ, бәрі жақсы болады, бұл ұл бала, бұл бала дүниеге келгенде сендерде бәрі болады, табыс та, атақ та, тиіспеңдер” деп айтады. Сөйтіп дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, барлығын өз жауапкершілігімізге алатынымыз туралы қолхат жазып, түсік жасатудан бас тартамыз. Содан 22 қарашада Сұлтан дүниеге келеді, келер жылы ақпанда пәтер сатып алдық”, – деді ол.
