Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға Қазақстан да атсалыспақ

Фото: Ақорда

Ақ үйде өткен кездесу барысында Қазақстан және АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің басты тақырыбы болды.

Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақтылы алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға өз үлесін қосады.

Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді, бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам алдағы уақытта басқа елдерді аталған бастаманы қолдауға жігерлендіретінін атап өтті.

– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға жылжу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Дональд Трамп.

 

Яндекс.Метрика