Фонограмманы толық тыйым салу мүмкін емес – вице-министр

Фото: Pixabay

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев фонограммаларға тыйым салуға қатысты құзырлы министрліктің ұстанымын сұрады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарт порталы.

Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды. Мәдениет саласында бірнеше маңызды өзгерістер көзделуде.

Оның ішінде – телевизиялық жазбалар мен концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге алынбаған орындарды қоспағанда, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылардың концерттік іс-шараларда дауыстық фонограммаларды пайдалануы шектеледі.

«Мәжіліс депутаттары фонограммаға тыйым салу мақсатында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жаңа норма енгізіп отыр. Мұнда 1000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Бұл тыйымды жергілікті атқарушы органдар бақылайтын болады», – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заңда шешуді қажет ететін бірнеше мәселелер бар екенін атап өтті.

«Заңның кейбір нормалары арасында қарама-қайшылықтар да байқалуда. Біздің заңгерлеріміз де бұл туралы айтып жатыр. Фонограмманы барлық іс-шараларда, концерттерде қолдануға тыйым салу керек пе, әлде тек қана үлкен іс-шараларда фонограммаларды пайдалануға рұқсат бермеу керек пе? Министрліктің ұстанымы қандай?», – деп сұрады Сенат спикері.

Вице-министр фонограмманы толық тыйым салу мүмкін емес екенін жеткізді.

«Мәдениет мекемелері тек ғана концерттік ұйымдар емес, сондай-ақ фонограмманы пайдаланатын театрлар мен цирктер де бар. Сол себепті біз ара-жігін ажырату үшін концерттік мәдени-бұқаралық іс-шараларды бөліп қарастырамыз. Бірінші кезекте, бұл тек концерттік іс-шараларға қатысты болады. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар 200-ден астам адамның қатысуымен өтетін іс-шараларды білдіреді. Осылайша, бұл норма аталған жағдайларда қолданылатын болады», – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов.

Яндекс.Метрика