«Тұтығып сөйлейтін болдым»: жас жігіт лифтідегі пранктан соң әлі күнге дейін есін жия алмай жүр (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр 

Лифтідегі орынсыз пранкке тап болған Еркебұлан Жексенбеков әлі күнге дейін өз-өзіне келе алмай жүргенін айтты. Ол болған жайттан соң тұтығып сөйлей бастағанын, зәресі зәр түбіне кетіп қалғаннан енді лифтіге мінбей, тек баспалдақпен көтерілетінін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарт порталы агенттігі KTK телеарнасына сілтеме жасап.

Еркебұлан Жексенбековтің айтуынша, сол күні ол қонақтан қайтып келе жатып, лифтіге кірген, алайда мұндай орынсыз әзілдің құрбаны боларын мүлде ойламаған.

«Отын кесетін арамен кіріп келген сәтте не болғанын түсінбей қалдым, бірден тұтыға бастадым. Ол, сөйтсек, шынжырмен болған. Құрылғыны қосқанда, майы шашырап, бүкіл шалбарымды былғап тастады. Қатты дірілдеп кеттім, шамамен екі күн бойы ес жия алмадым. Осы жағдайдан кейін лифтіге мінуді қойдым, баспалдақпен жүретін болдым», – деді Еркебұлан.

Полиция дерегінше, пранк авторы бұған дейін де осындай әрекеттері үшін екі рет әкімшілік қамауға алынған. Соған қарамастан, қауіпті және шошытатын пранктардың видеолары желіде әлі де жарияланып келеді.

Психологтар мұндай «әзілдердің» салдары өте ауыр болуы мүмкін екенін атап өтеді. Психолог Алтыншаш Матаеваның айтуынша, осындай пранк құрбандарымен жұмыс істеген.

«Пранктан кейін адамда үрейленгіштік, ұйқысыздық, тәбеттің жоғалуы байқалды. Эмоциялық жағдайын қалпына келтіру үшін 5-6 кездесу өткізуге тура келді», – деді маман.

Яндекс.Метрика