Мәжілісте ауыл шаруашылығын дамытуға арналған арнайы «Агробанк» құру мәселесі қызу талқыланды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Депутат Анас Баққожаев Ұлттық банк өкілдерін бұл бастаманы түсіндіріп емес, керісінше шатастырып, жобаны бұғаттауға тырысып жатыр деп сынға алды.
«Мынадай сөз бар: “Сендіре алмасаң – шатастыр”. Сіздер дәл осы тәсілді қолданып отырсыздар. „Агробанк“ мәселесінде бәрімізді шатастырғыңыз келеді», – деді депутат.
Оның айтуынша, мұндай банк құрудың айқын пайдасы бар:
фермерлердің шоттарын бір жүйеде жүргізеді,
ақша айналымын бақылай алады,
тәуекел азаяды,
банк табыс тауып, оны пайыздық мөлшерлемелерді арзандатуға жұмсай алады.
«Көп елде агробанк осылай жұмыс істейді — бір саладан табыс тауып, екіншісін қолдайды. Бұл – айқас субсидиялау тәжірибесі», – деді Баққожаев.
Депутат Ұлттық банкті ауыл шаруашылығына нақты көмек көрсетпейді, тек «қағаз жүзінде сөйлейді» деп сынға алды:
«Сіздер Аграрлық несие корпорациясын қаржыландырмайсыздар. 0,1% ғана бересіздер, оның өзі аз. Ал нарықтан ақша табу қиын. Мәжілістің 70 депутаты мен Сенаттың 20 сенаторы „Агробанк“ ашуды қолдады. Неге олардың пікірін елемей отырсыздар?»
Ұлттық банктің төраға орынбасары Берік Шолпанқұлов бұған жауап беріп, жаңа банк ашу үлкен тәуекел екенін айтты:
«Мұндай монобанк бір бағытта ғана жұмыс істейді, сондықтан үнемі мемлекеттен ақша құюды қажет етеді. Депозиттерді нарықтық пайызбен тартып, ал несиелерді арзан пайызбен берсе – ол банк үнемі шығынға батады», – деді ол жымиып.
Шолпанқұлов бұрын агро-кредит беру тәжірибесі болған «Центробанк» дәл осы себеппен банкрот болғанын еске салды.
«Ауыл шаруашылығына несие беру – ең тәуекелді сала. Кепіл мен табыс тұрақсыз. Сол себепті бұрынғы банк күйреді. Біз енді сол қателікті қайталамауымыз керек», – деді ол.
Ұлттық банк жаңа қаржы ұйымын ашқанша, Аграрлық несие корпорациясының жұмысын күшейтуді ұсынды.
Алайда депутат бұған қанағаттанбады:
«Мен нақты жауап алмадым. Егер ол институт дамудың құралы болса, онда фермердің мәселесін шешуге нақты өкілет беріңіздер. Фермер кепілді босатуды сұраса – шешсін», – деді Баққожаев.
Қазір егін жинау науқаны аяқталып, фермерлер шығындары мен төленбеген субсидияларды есептеп жатыр.
