Фото: видеодан скрин
Бүгін Мәжілісте онлайн несиелеу мен цифрлық алаяқтық мәселесі қызу талқыланды. Депутаттар азаматтардың биометриялық деректері арқылы заңсыз несие рәсімдеу жағдайлары көбейіп кеткенін айтып, бұл бағыттағы мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін сынға алды.
«Біз заң қабылдасақ та, онлайн алаяқтықтың өсімі тоқтамай тұр. Биыл бұл саладағы қылмыс 26 пайызға артты. Банктік алаяқтық операциялар саны 2,2 есеге көбейді», – деді депутат өз сөзінде.
Оның айтуынша, халықтың несие жүктемесі де күрт өскен: былтыр 19 трлн теңге болса, биыл 23 трлн теңгеге жеткен.
«Көбіне бұл тұтынушылық несиелер. Үкіметке ұсынған бірқатар ұсыныстарымыз қабылданбады, сондықтан нәтиже байқалмай отыр», – деді ол.
Депутат Ұлттық банкке де өткір сұрақ қойды:
«Сіздер банктерге биометрия арқылы қызмет көрсетіп отырсыздар. Бұл жүйе қаншалықты ашық? Әрбір операцияда жеке адамның бет-әлпетін тану рәсімі жүргізіле ме, әлде бір рет қана тексеріп, қалғанын банктерге қалдырасыздар ма? Ал азаматтардың фотосуреттері қайда сақталады?».
Бас прокуратура мен сот өкілдері де есеп берді. Мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы биометрия мен ЭЦҚ-ны заңсыз пайдалану бойынша 1500 іс сотта қаралған, оның тек үшеуінде ғана азаматтардың талабы қанағаттандырылған.
Ал Ішкі істер министрлігінің өкілі Владимир Муравьев онлайн алаяқтықпен күрес бүгінде басым бағыт екенін атап өтті: «Биыл 20 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді, оның 5 мыңы ашылып, сотқа жолданды. Персоналдық деректердің таралуына байланысты ҰҚК-мен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Шымкент қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, 7 адам қамауға алынды», – деді ол.
Жоғарғы сот өкілі соңғы үш жылда алаяқтық несиелер бойынша азаматтардың пайдасына шешілген істердің саны артқанын мәлімдеді.
«2022 жылы талаптардың 60 пайызы қанағаттандырылмаған болса, бүгінде 70 пайызы қанағаттандырылып отыр. 1 қыркүйектен бастап жаңа заң күшіне енді, енді өз биометриясын пайдаланбаған азаматтар несие рәсіміне қатыспағанын дәлелдеп, сотсыз-ақ кредитін есептен шығара алады», – деді ол.
Депутаттар халықты осы жаңалықтан хабардар болуға шақырды.
«Көп адам өткен жылы немесе бұдан үш жыл бұрын өз биометриясын тапсырмағанына қарамастан несие рәсімделгенін білмейді. Енді олар да арыз жазып, заңсыз несиені сотсыз-ақ есептен шығара алады», – деді депутат.
Ал Әділет министрлігі өкілінің айтуынша, мұндай несие тек тергеу органдары қылмыстық іс қозғап, азаматты ресми түрде жәбірленуші деп таныған жағдайда ғана есептен шығарылады.
