«Аспанмен астасқан дауыс иесі»: Шетелдік журналистер Димаш туралы жарыса жазды

Фото: DimashNews

Шетелдік БАҚ 6 желтоқсанда Ханой қаласында өтетін ең ірі 8WONDER Winter 2025 фестивалінде өнер көрсететін қазақ әншісі туралы кеңінен көсілді. Олар Димаш Құдайбергенді жан-жақты зерттеп көрген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы DimashNews-ке сілтеме жасап.

Вьетнамның басты басылымдарының бірі Saigon Giai Phong алдымен фестиваль жайында хабар беріп, сосын қазақстандық әншінің ерекшелігіне тоқталған. Әсіресе, дауысының мүмкіндігі шексіз екеніне сүйсінеді.

– Димаш Құдайберген – Қазақстаннан шыққан әлемге әйгілі әнші. Ол алты октава мен бес жарты тонды қамтитын ерекше дауыс диапазонымен ерекшеленеді. Әнші тыңдармандарын терең әрі күшті баритоннан бастап, физикалық мүмкіндіктерге бағынбайтындай көрінетін сирек кездесетін жоғары ноталарға дейінгі дауыстық мүмкіндігімен таңғалдырып келеді.
Миллиондаған жанкүйер Димашты тек вокалдық шеберлігі үшін ғана емес, сонымен қатар әндері арқылы тарихты жырлап, тіл мен мәдениет шекараларын еңсеріп, адамдардың жүрегіне жол таба білетіні үшін де қадірлейді, – деп құбылтады бұл басылым.

Вьетнам халқына күн сайын тарайтын газеттердің бірі Tuoi Tre Димашты «сирек кездесетін жаһұт» деп атаған. Әрі оның көп тілде ән айта алатынына баса назар аударады.

– Димаш – «жаһұт». Өйткені, ол – талантты. Ал «сирек» болатын себебі, әнші қоғамдағы жалпы ағымға ермейді.

Музыкада алгоритмдер мен формулалар үстемдік еткен дәуірде Димаш өз жолын таңдап, классикалық музыка, поп, фолк және опера элементтерін үйлестіре білді. Ол ағылшын, орыс, француз, қытай, араб және қазақ тілдерін қоса алғанда, 13-тен астам тілде ән айтады. Әрбір тіл – ол үшін жергілікті мәдениет пен тыңдарманға құрмет білдірудің бір түрі.
Димаштың шын мәніндегі ерекшелігі – оның шығармашылық ұстанымында. Ол шығармашылық еркіндігін сақтау үшін, ірі дыбыс жазу компанияларымен ұзақмерзімді келісімшарттарға қол қоймайды.

Димаш – нағыз өнердің адамы. Ол үшін жарнаманың тіпті де қажеті жоқ, оған тек шынайы жүрек, нәзік сезім мен мінсіз шеберлік керек, – деп бір-ақ тоқтайды Tuoi Tre газеті.
Шетелдік журналистер сондай-ақ Димаштың шығармашылығын терең зерттеп, сараптамалық мақалалар мен музыкалық сыншылардың пікіріне де құлақ асып жатыр.

Бір ғана мысал, Вьетнамның ең танымал жаңалықтар сайты VnExpress басылымы жариялаған

«Димаш – аспанмен астасқан дауыс иесі» атты мақалада журналист Astana Times газетінде жарияланған материалдан үзінді келтіреді.

– Жас болса да, Димаш Құдайбергеннің музыкасы тыңдарманының толықтай назары мен зейінін талап етеді. Оның кейбір әні соғыс, аштық және табиғи апат сияқты қазіргі заманның қайғылы құбылыстарына деген өз көзқарасын білдіреді, – делінген бұл жазбада.

Яндекс.Метрика