Бұл туралы облыстық экология департаменті хабарлады. Ведомство мәліметінше, 3 қараша күні зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Ақтау тұрғындарынан түскен хабарламалардан кейін теңіз жағалауына шыққан. Тексеру барысында теңізге шығып қалған итбалықтардың денелері табылған.
«Балық инспекциясы басқармасымен бірлесіп жүргізілген мониторинг кезінде Асан елді мекенінен Баутино мүйісіне дейінгі аралықта каспий итбалықтарының өлекселері анықталды. Оның 39-ы — Асан мен Форт-Шевченко қаласының жағажайы арасынан, ал 73-і — жағажай мен Баутино мүйісі аралығынан табылды», — делінген департаменттің хабарламасында.
Мамандар теңіз суынан сынама алып, зертханалық талдау үшін жіберген. Оқиға туралы ақпарат «112» қызметіне берілді. Айта кетсек, соңғы жылдары Каспий теңізі жағалауынан итбалықтар мен басқа да теңіз жануарларының өлекселері жиі табылып жүр.
