Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде жартылай финалға шыққан алғашқы қазақстандық теннисші атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде екінші кездесуін өткізді, деп жазады Qazaq Today.

Қазақстандық теннисші Серена Уильямс тобында әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен қарсылас болды.
Бұған дейін екеуі он рет кездескен, соның алтауында Швентек жеңіске жеткен.
Бірінші партияда Швентек басымдық танытып, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Алайда, одан кейін Елена күшін жинап, 6:1, 6:0 нәтижесімен жеңіске жетті. Бір сағат 38 минутқа созылған матчта Рыбакина 5 эйспен 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Осылайша, Елена Рыбакина жылдың қорытынды турнирінде алғаш рет жартылай финалға мерзімінен бұрын шықты.

Алғашқы кездесуде Рыбакина Аманда Анисимованы екі сетте жеңіп, топта екі жеңіспен көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетейік, турнир Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатыр. Жарыста әлемнің ең үздік 8 теннисшісі сынға түсуде.

Яндекс.Метрика