Фото: видеодан скрин
Құтқару қызметтері өрттің нақты себебін анықтап жатыр, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Мексиканың солтүстік-батысындағы тұрмыстық тауарлар дүкенінде болған жарылыс пен өрттен кемінде 23 адам, оның ішінде балалар да, қайтыс болды, деп хабарлайды ABC.
Сонора штатының губернаторы Альфонсо Дурасоның айтуынша, өрт қаланың орталығында орналасқан дүкенде тұтанған.
Жалын тез тарап, 12 адам түрлі жарақат алып, олардың барлығы алты түрлі ауруханаға жеткізілді.
«Қаза тапқандардың көпшілігі улы газды жұтып, тұншығудан көз жұмған», – деді штаттың бас прокуроры Густаво Салас Чавес.
Ол тергеу барлық нұсқаны қарастырып жатқанын, қасақана өртеу белгілері анықталмағанын атап өтті.
Желіде жарияланған бейнежазбаларда өрт дүкен ғимаратын түгел шарпығаны көрінеді.
Бір видеода ауыр жарақат алған ер адамның дүкеннен жүгіріп шыққаны және асфальтқа құлаған сәті түсірілген.
Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газ баллоны немесе электр ақауынан болуы мүмкін.
