Фото: видеодан скрин
Атырау қаласындағы аграрлық-техникалық колледж студенттері арасында ірі төбелес шықты. Оқиға колледж жатақханасының алдында болған.
Куәгерлердің айтуынша, екі топ бір-біріне темір таяқ және басқа да заттармен шабуыл жасаған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жастардың ашуға беріліп, бір-біріне соққы жасап жатқаны анық көрінеді. Бірнеше студент дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Полиция оқиғаға қатысқан жастарды анықтап, тергеу амалдарын бастап кетті. Білім басқармасы бұл жағдайға байланысты арнайы комиссия құрғанын хабарлады. Колледж басшылығы тәртіп бұзған студенттерге қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Қазір оқиғаның себептері мен нақты қатысушылар саны анықталып жатыр. Тұрғындар жастар арасындағы тәртіптің әлсіреуіне алаңдаушылық білдіруде.
