Египетте Ніл өзенінде 200-ден астам турист мінген кеме өртенді

Фото: Дзен

Египеттегі Ніл өзенінде туристік круиздік лайнерде өрт шықты. Оқиға кезінде бортта 200-ден астам шетелдік турист болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Daily Mail-ге сілтеме жасап.

Оқиға 12 күнге жоспарланған круиздің бірінші күнінде болған.

Басылымның мәліметінше, өрт 28 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:15 шамасында тұтанған. Жалын кеменің бірінші қабатын түгел шарпыған, бірнеше каюта мен ішкі бөлік толықтай жанып кеткен.

Кеме экипажы дабыл жүйесін іске қосып, жолаушыларды жоғарғы палубаға көшіруге мәжбүр болған. Экипаждың жедел әрекетінің арқасында лайнер Эсна маңындағы бейресми айлаққа шұғыл түрде тоқтатылып, шамамен 220 турист қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Қазіргі уақытта Египет прокуратурасы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын бастады. Болжам бойынша, өрттің шығуына кеме ас үйіндегі қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін.

 

Яндекс.Метрика