Шымкент–Түркістан трассасында фура отқа оранды

Фото: видеодан скрин

Бүгін таңертең Шымкент–Түркістан бағытындағы республикалық маңызы бар трассада ірі жол оқиғасы тіркелді. Жүк көлігі жолдың бойында кенеттен отқа оранып, бірнеше минуттың ішінде толығымен жанып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, фурадан түтін бұрқ етіп шығып, аз уақыттың ішінде жалын кабина мен тіркемені шарпыған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі мен полиция қызметкерлері жетті. Түркістан облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт шамамен 40 минутта толық сөндірілген. Абырой болғанда, жүргізуші көліктен дер кезінде шығып үлгерген. Ол жеңіл жарақат алған, медициналық көмек көрсетілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт көліктің электр жүйесіндегі қысқа тұйықталудан шыққан болуы мүмкін. Дегенмен нақты себебі арнайы сараптама нәтижесінде анықталады.

Оқиға салдарынан Шымкент–Түркістан бағытындағы жолдың бір бөлігі уақытша жабылып, көлік қозғалысы шамамен бір сағатқа тоқтаған. Қазір жол қайта ашылып, қозғалыс қалыпты режимге түсті.

Төтенше жағдайлар департаменті жүргізушілерге жолға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексеруді және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Яндекс.Метрика