Фото: gov.kz
Екібастұзда салынуы тиіс ГРЭС-3 электр станциясының құрылысына қатысты тендер жеңімпазсыз аяқталды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтің айтуынша, конкурс қатысушылар санының жеткіліксіз болуына байланысты жарамсыз деп танылған.
«Қатысушылар саны екіден аз болғандықтан, конкурс өтпеді. Қазір Үкіметтің шешімін күтіп отырмыз», – деді Санжар Жаркешов.
Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Асылжан Мусиннің мәліметінше, тендердің екінші кезеңіне барлығы екі өтінім түскен. Алайда олардың бірі – «Sanlife» ЖШС – толық құжат пакетін тапсырмағандықтан, өтінімі қабылданбаған.
«Екінші компания – Integra Constructions – қытайлық GCL компаниясымен консорциум құрамында. Олар МФЦА алаңында тіркелген және барлық құжаттарын талапқа сай өткізді. Дегенмен тендер жарамсыз деп танылды, себебі екі өтінімнің бірі өтпей қалды, нәтижесінде бір ғана қатысушы қалды», – деп түсіндірді Асылжан Мусин.
Мемлекеттік сатып алу қағидаларына сәйкес, егер конкурсқа тек бір ғана өтінім қабылданса, ол жарамсыз деп есептеледі. Қазіргі уақытта тендер материалдары Үкіметтің қарауына жіберілді.
