Парижде Эммануэль Макронның әйелі туралы жалған ақпарат таратқан 10 адам сотталып жатыр

Фото: РБК

Парижде Франция президенті Эммануэль Макронның жұбайы Брижит Макронға кибербуллинг жасау фактісі бойынша сот отырысы басталды. Іс бойынша 41 бен 65 жас аралығындағы сегіз ер адам мен екі әйел айыпталып отыр, деп хабарлайды ВВС.

Тергеу мәліметінше, айыпталушылар әлеуметтік желілерде Брижит Макронды ер адам болып туған деп жалған ақпарат таратқан. Сондай-ақ олар президент пен жұбайының жас айырмашылығына байланысты қорлайтын жазбалар жариялаған.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Брижит Макрон алғашқы сот отырысына қатыспады, алдағы уақытта да сотқа келмейді Адвокаттың айтуынша, оның қызы Тиффани Озье сейсенбі күні куәлік беруі мүмкін.

Айыпталушылардың арасында жергілікті шенеунік, галерея иесі, мұғалім және өзін интернет-экстрасенс деп атайтын 51 жастағы Дельфин Ж. бар. Ол желіде «Амандин Руа» деген атпен танымал. Осы істе айыпталған тағы бір әйел, өзін тәуелсіз журналист деп атайтын Наташа Рей екеуі былтыр Брижит Макронға жала жапқаны үшін сотты болған.

2021 жылы Руа YouTube-та Реймен сұхбат жариялап, «Брижит Макрон шын мәнінде ешқашан болмаған, ол жынысын ауыстырған ағасы — Жан-Мишель Троньё» деп конспирологиялық теорияны алға тартқан. Кейінірек екеуі апелляцияда жеңіп шыққанымен, Брижит пен оның бауыры бұл шешімге қарсы шағым түсірді.

«Брижит Макрон – трансгендер» деген сыбыс әлеуметтік желілерде 2017 жылдан бастап тараған. Мұны АҚШ-та консервативті блогер Кэндис Оуэнс белсенді түрде насихаттады. Макрондар Оуэнске қарсы сотқа шағым түсіріп, оның «әдейі жалған ақпарат таратып, абыройына нұқсан келтіргенін» мәлімдеді.

Брижит Макрон Эммануэль Макронға сабақ берген мұғалімі болған, екеуі 2007 жылы шаңырақ көтерген. Ол кезде Эммануэль 29, ал Брижит 54 жас еді.

Яндекс.Метрика