Біз бүгінгі Қазақстанның негізі «Алашордадан» бастау алатынын ескере бермейміз – Сұлтан Хан Аққұлы (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр 

Қазақтар түп-тамырын толығымен білмейді. Әсіресе тарихшы, ғалымдарымыз Алаш тарихын түкке тұрмайтын маңызы жоқ құбылыс ретінде қарайды. Алаш идеясының астарында көп мән-мағына жатыр. Мемлекетті неге Қазақ емес, неге Алаш автономиясы деп атады? Өйткені Әлихан Бөкейханов мұның жауабын 1913 жылы «Қазақ» газетіне жазған «Қазақ тарихы» мақаласында жазып кетті. Бұл туралы әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист, филология ғылымдарының кандидаты, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы Qasqa Jol YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Жалпы, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысқа ғылыми және тарихи тұрғыдан баға беріліп жатыр. Дегенмен, жан-жақты толық баға берілді деп айта алмаймыз. Өйткені «Алаш» қозғалысының, «Алаш» автономиясының, «Алаш» идеясының, «Алаш» партиясының тарихи маңызы әлі терең зерттелген жоқ. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихында «Алашорда» қозғалысына саяси баға беру жайлы талпыныс та болмай отыр. Әлихан Бөкейханның аты бізде «Алаш» идеясымен қатар ауызға алынады. Әлихан Бөкейхан десек, «Алаш» қозғалысы, «Алаш» қозғалысы десек, Әлихан Бөкейханды ойымызға аламыз. Өйткені ұлт-азаттық қозғалысы мен Әлихан Бөкейхан аты біте қайнасып кеткен. Біз бүгінгі Қазақстанның негізі «Алашорда» автономиясынан бастау алатынын  ескере бермейміз», — дейді ол.

Ғалымның айтуынша, Алаш идеясының астарында Әлиханның идеологиясы жатыр. Түркі тілдес халықтарды дін негізінде емес, тіл мәдениет, шаруашылық негізінде біріктіру.

«Тарихшылардың шатасып та, жұртты шатастырып та жүрген бір мәселесі бар. Ол «Алаш» партиясының ішіндегі пікір еркіндігін, идея еркіндігін түсінбеуі. Мысалы, 1917 жылы ІІ жалпы қазақ съезінде Халел және Жанша Досмұхамедұлы бастаған зиялылар тобы «Алаш» автономиясын бірден жариялайық дейді. Екінші, Әлихан бастаған басым көпшілігі құрылтай жиналысын күтейік деп дауласады. Сөйтіп, «Алаш» автономиясы жарияланды. Бұл Алаш қайраткерлері арасындағы дау-дамай емес, тактика мәселесіндегі дау болды. Керісінше, бұл «Алаш» партиясының ішінде ой еркіндігі, пікір еркіндігі болғандығын көрсетеді. Яғни, «Алаш» қазіргі заманға сай демократиялық партия болған. Екіншіден, «Алаш» автономиясы құрылғаннан кейін, екінші жалпы қазақ съезі «Алашорда» үкіметіне 1 айдың ішінде Сырдария, Каспий маңындағы қазақтар бізге қосыла ма, жоқ па, соны анықтап, «Алаш» автономиясын жариялаңыздар деген ерік берді», — деді ол.

 

Яндекс.Метрика